
Германия Федеративтік Республикасының Саар федералдық жеріндегі Саарбрюккен қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара Саардың Сауда-өнеркәсіп палатасының (IHK Saarland) ғимаратында ұйымдастырылып, Қазақстан мен Германия арасындағы өңірлік деңгейдегі қарым-қатынастарды дамыту жолындағы маңызды қадамның бірі болды.
Қазақстанның Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулы болып Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Бас директоры Франк Томе тағайындалды. Оның халықаралық экономикалық ынтымақтастық саласындағы мол тәжірибесі Қазақстан мен Саар федералдық жері арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін болады.
Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов Құрметті консулдықты ашу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін атап өтті. Ол өңірлік өзара іс-қимыл мен іскерлік байланыстардың маңыздылығына тоқталып, Құрметті консулдықтың экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты дамытудағы тиімді тетік болатынына сенім білдірді.
Саар федералдық жерінің Премьер-министрі Анке Релингер Қазақстанды Германияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі екенін атап өтіп, өнеркәсіп, энергетика, инновациялар, цифрландыру және кәсіптік білім беру салаларындағы кең ауқымды өзара іс-қимыл мүмкіндіктеріне назар аударды. Ол Құрметті консулдықтың қызметін қолдайтынын білдіріп, оның іскерлік және қоғамдық орта арасындағы тікелей байланыстарды дамытудағы маңызды алаң ретіндегі рөлін ерекше атап өтті.
Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Ханно Дорнсайфер өз сөзінде Қазақстанмен іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге өңір кәсіпкерлерінің жоғары қызығушылық танытып отырғанына назар аударды.
Салтанатты рәсімнің негізгі сәті Қазақстанның Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулы Франк Томеге консулдық патенттің табысталуы болды. Ол өз сөзінде көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық, мәдени, гуманитарлық және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға белсенді түрде атсалысатынын жеткізді.
Қазақстанның Саарбрюккен қаласындағы Құрметті консулдығының ашылуы Астана мен Берлин арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның Саар федералдық жерімен әріптестігін кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.