Әл-Фарабидің рухани мұрасы Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымында ұсынылды

Әл-Фарабидің рухани мұрасы Исламдық білім, ғылым және мәдениет ұйымында ұсынылды

Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) және Қазақстанның Мароккодағы Елшілігінің бірлесіп ұйымдастыруымен ИСЕСКО штаб-пәтерінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркем академиясының академигі Жанұзақ Мүсәпірдің «Әл-Фарабидің балалық шағы мен өмірі» атты сурет көрмесі өтті.

Көрмеге марокколық СІМ, Мәдениет министрлігі, мэрия, зиялы және ғылыми қауым, БАҚ өкілдері, студенттер мен дипломатиялық корпус мүшелері қатысты. Ж. Мүсәпір ісшара Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5-ші Ұлттық Құрылтайда Әл-Фарабидің рухани және мәдени мұрасын халықаралық аренада таныту және кеңінен насихаттау бастамасы аясында өткізіліп жатқанына назар аударды. «Туындыларым арқылы ұлы ойшылдың шынайы ізгілік идеяларын, оның адамзаттық мәдениеттегі орнын және Қазақстанның ұлттық мәдени кодын көрсетуді мақсат еттім» - деп атап өтті Ж.Мүсәпір.

ИСЕСКО Бас директорының орынбасары Абделла Бенарафа «Бұл көрме ИСЕСКО мен Қазақстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа бағытын ұсынады және Ұйымның өзінің даналығымен, кең білімімен және әдебиет пен музыкаға деген шынайы қызығушылығымен танымал тұлға ретінде Әл-Фарабидің адамзат ойының қалыптасуындағы орасан зор рөлін мойындауын көрсетеді» – деді. Ұйым Мәдениет департаментінің директоры, Тунистің экс-Мәдениет министрі Мұхаммед Зинлабидин «Бүгінгі көрмеде ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің балалық шағы, ғылыми жолы және ислам өркениетіне қосқан үлесі көркемдік көзқарас арқылы көрсетілді» - деп атады.

Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Саулекүл Сайлауқызы. «Әл-Фарабидің мұрасы бүкіл адамзатқа тиесілі және ол тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл ислам әлемінің мақтанышы» – деп атап өтті.

Ж. Мүсәпір Әл-Фарабидің өмір жолын бейнелейтін картиналар ислам әлемінің ұлы ойшылына мәңгілік құрмет ретінде ИСЕСКО-ға сыйға тартты және ИСЕСКО басшылығына Қазақстан Көркем академиясының «Ұлы Таранды елі» медалі мен Құрмет грамотасын табыстады.

«Әл-Фарабидің балалық шағы мен өмірі» атты сурет көрмесі ү.ж. 5-7 ақпан аралығында Марокконың Сале қаласындағы жергілікті сурет галереясында жалғасады.