
Қазақстанның Кениядағы Елшісі Барлыбай Садықов Кенияның Сыртқы істер және диаспора министрлігінің Еуропа және Достастық елдер департаментінің директоры Джуди Нжаумен, Сыртқы істер және диаспора істері министрлігінің Протокол басшысы Северин Люяли және Кения Ұлттық сауда-өнеркәсіп палатасының (KNCCI) президенті Эрик Руттомен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат сұхбаттастарын мемлекеттік басқарудың тиімділігін одан әрі арттыруға және еліміздегі «Әділ Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды конституциялық өзгерістер туралы хабардар етіп, бұл мәселелер жалпыхалықтық референдумға ұсынылатыны туралы ақпаратты жеткізді.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастыққа дайындықтарын растады.
Екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша, соның ішінде ақпараттық және қаржылық технологияларды, ғарыштық, транзиттік және көліктік бағыттарды, оның ішінде Кения порттарын пайдалануды, медицинаны, ауыл шаруашылығын, туризмді, ғылыми және мәдени алмасуларды дамыту саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы келісімге қол жеткізілді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізіліп, ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірлескен шаралар, оның ішінде сауда және инвестиция, көлік, ақпараттық технологиялар және туризм салалары бойынша Қазақстан мен Кения арасында құрылған төрт сарапшылық топтар шеңберінде тиісті жұмысты жүргізуге келісті.