Қазақстандағы реформалар Цзянсу провинциясының басшылығымен талқыланды

Қазақстандағы реформалар Цзянсу провинциясының басшылығымен талқыланды

Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аккошкаров Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясының орталығы Нанкин қаласына жұмыс сапарымен барды.

Сапар аясында Н.Аккошкаров Нанкин қаласының мэрі Ли Чжунцзюньмен және Цзянсу провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер кеңсесі басшысының орынбасары Цзинь Шанцзюньмен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында тараптар Қазақстан өңірлері мен Цзянсу провинциясы арасындағы екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қазіргі ахуалы мен даму перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар қазақ дипломаты қытай тарапын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында ұсынған реформалармен таныстырды. Ел Конституциясына енгізілетін түзетулердің негізгі мақсаты, Парламентті қайта ұйымдастыру, жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы - «Қазақстанның Халық Кеңесін» құру, сондай-ақ Қазақстанның Вице-Президенті институтын енгізу мәселелері баяндалды.

Бас консул жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі түпкілікті шешім алдағы жалпыұлттық референдумның қорытындысы бойынша қабылданатынын хабарлады.

Қытай тарапы қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында өңірлік тұрақты даму үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңыздылығын түсінетінін білдірді.

Нанкин қаласына жұмыс сапары барысында Цзянсу провинциясы Халық үкіметінің Сауда департаменті, Қоғамдық қауіпсіздік департаменті және Білім департаменті басшыларымен де бірқатар кездесулер өтті.

Цзянсу провинциясы Қытайдағы ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі болып табылады. 2025 жылы оның жалпы өңірлік өнімі 2,03 трлн АҚШ долларына жетіп, Қытай өңірлері арасында екінші орынды иеленді. Қазақстан мен Цзянсу арасындағы өзара тауар айналымы 2,94 млрд АҚШ долларын құрап, 1,7 пайызға өсті.