
Сеул қаласында Корея Республикасының Кеден қызметі ұйымдастырған «Орталық Азия мен Корея Республикасы арасындағы сауданы жеңілдету» тақырыбындағы іс-шара өтті.
Іс-шара барысында кедендік өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, сондай-ақ сауданы жеңілдету және кедендік рәсімдерді оңайлату бойынша практикалық шаралар талқыланды.
Іс-шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов кедендік ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өтті. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы өзара сауда мен іскерлік белсенділіктің артуына ықпал етеді. Осы контексте ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия мен Еуропа арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды тетігі ретінде көліктік және транзиттік әлеуетін дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ кедендік рәсімдерді цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты, оның ішінде жасанды интеллект технологияларын және үлкен деректерді талдауды қолдануды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтіп, тәжірибе мен озық практикалар алмасуға дайын екенін білдірді.
Корея Республикасының Кеден қызметінің басшысы Мён Гу Ли Орталық Азия елдерінің жоғары көлік-логистикалық әлеуетіне назар аударып, олардың Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды көпір ретіндегі рөлін айқындады. Сондай-ақ қағазсыз сауданы дамыту мақсатында Digital Silk Road концепциясын ілгерілетудің маңызын атап өтті.
Жалпы алғанда, іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы өзара іс-қимылдың оң серпінін және рәсімдерді жеңілдетуге әрі өзара сауданы дамытуға бағытталған ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге тараптардың ниетін растады.
Айта кетсек, Қазақстан мен Корея Республикасы арасында кедендік ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен комитет жұмыс істейді, оның шеңберінде кедендік әкімшілендірудің өзекті практикалық мәселелері қаралады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд АҚШ долларын құрап, 1,4%-ға өсті.