Ереванда қазақ-армян қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді»

Ереванда қазақ-армян қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері бойынша «сағаттарды теңестірді»

Қазақстанның Армениядағы Елшісі Болат Иманбаевтың Армения Сыртқы істер министрінің орынбасары Мнацакан Сафарянмен кездесуі өтті.

Келіссөздер барысында тараптар өткен жылдағы екіжақты ынтымақтастық нәтижелерін қорытындылай келе, қазақ-армян қатынастарының тұрақты оң серпінін және практикалық бағыттылығын атап өтті. Тұрақты саяси диалог пен қол жеткізілген уағдаластықтарды жүйелі түрде іске асыру ынтымақтастықтың кең ауқымды бағыттар бойынша дамуына және қатынастардың стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуіне ықпал еткені аталып өтті.

Қазақстан Елшісі конституциялық реформаның негізгі бағыттарын таныстырып, олардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және мемлекеттік институттардың орнықтылығын нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың практикалық аспектілеріне, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, инвестициялық белсенділікті ынталандыруға, өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны кеңейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық саладағы бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударды. Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы қаралды. Осы тұрғыда елдер арасындағы тікелей әуе рейстерін қайта бастаудың іскерлік, гуманитарлық және туристік байланыстарды жандандырудағы маңызды фактор ретіндегі өзектілігі мәлім етілді.

Тараптар ағымдағы жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын талқылап, қазақ-армян қатынастарын одан әрі нығайту мен кезең-кезеңімен дамытуға бағытталған тұрақты байланыстар мен практикалық жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.