Мехикода Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күні аталып өтті

Мехикода Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күні аталып өтті

Мексика астанасында Түркі тілдерінің Дүниежүзілік күніне арналған конференция өтті. Аталған шара Мексикадағы Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен, Қазақстан, Түркия және Әзербайжанның дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен өткізілді.

Іс-шараға Қазақстанның Мексикадағы Елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, сондай-ақ Түркия мен Әзербайжанның елшілері Мурат Салим Есенли мен Сеймур Фаталиев қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі А.Тұрғанбеков түркі тілдері бауырлас халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі әрі олардың төл болмысы мен рухани бірегейлігін сақтаудың маңызды факторы екеніне назар аударды.

А.Тұрғанбеков түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөліне, сондай-ақ түркі тілдері мен мәдениетін сақтау және ілгерілету жөніндегі негізгі алаң ретінде Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) қызметіне тоқталды. Елші Қазақстанның ТМҰ аясындағы бастамаларды іске асыруға қосып отырған белсенді үлесін, соның ішінде түркі әлемінің Латын Америкасы елдерімен халықаралық диалогын кеңейтуге бағытталған қадамдарын атап өтті.

Іс-шара аясында профессор, ғылым докторы Мехмет Неджати Кутлу түркі тілдерінің дамуы мен өзара байланысына арналған дәріс оқыды. Дәріс барысында профессор түркі тілдерінің қалыптасу тарихына, олардың алғашқы түркі жазба дәстүрінің негізін құраған орхон-енисей жазба ескерткіштерінің тамыр алған барып тірелетін прототүркілік тілдерге тоқталды.

Сонымен қатар, М.Неджати Кутлу 15 желтоқсанда атап өтілетін Түркі тілдері Дүниежүзілік күнінің маңыздылығына назар аударды. Аталған күнді белгілеу туралы шешім 2025 жылғы қараша айында Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО Бас конференциясында қабылданды. Профессор бұл бастама түркі әлемінің тілдік және рухани бірлігін нығайтуға, сондай-ақ түркі елдері халықтарының өзара қарым-қатынасын кеңейтуге және олардың мәдени тұрғыдан ықпалдасуына қолайлы жағдай жасауға ықпал ететінін ерекше атап өтті.