Қазақстан мен Марокко қалалық даму және мәдениет салаларындағы серіктестікті нығайтуда

Қазақстан мен Марокко қалалық даму және мәдениет салаларындағы серіктестікті нығайтуда

Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Саулекүл Сайлауқызы Рабат қаласының әкімі Фатиха Әл-Муднимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Астана мен Рабат арасындағы 2024-2027 жылдарға арналған Жол картасының іске асырылу барысын талқылады, ол сауда-экономикалық және экологиялық өзара іс-қимылдан бастап мәдени алмасуларға дейінгі кең ауқымды салаларды қамтиды.

Сұхбаттастар қала құрылысы, урбанистика, тұрғын үй құрылысы, қалаларды көгалдандыру, туризм және ақылды технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударды. Тараптар озық тәжірибе алмасу үшін тұрақты диалог пен өзара іссапарлар ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері жеке тақырып ретінде қарастырылды. Қазақстандық дипломат Астана әкімдігі мен қазақстандық әртістердің қатысуымен Рабатта Наурыз мерекесін ауқымды атап өту және осы іс-шара аясында марокколық қауым қазақ халқының дәстүрлері мен тұрмысымен танысып, ұлттық музыка мен тағамдардың дәмін тата алатыны туралы ақпарат берді.

Фатиха Әл-Мудни екіжақты ынтымақтастықтың серпінін және Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды жоғары бағалады. Рабат әкімі қазақстандық тәжірибемен танысу және 2023 жылы Қазақстан елордасымен орнатылған бауырластық қатынастарын одан әрі тереңдету үшін биыл Астанаға сапармен келу ниетін жеткізді.