
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстан Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтермен кездесіп, қазақ-мажар стратегиялық серіктестігі аясында екіжақты қатынастардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады.
Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастарының жай-күйі мен келешегін, алдағы жоғары және биік деңгейдегі екіжақты сапарларды, сондай-ақ ынтымақтастық аясын кеңейту мүмкіндіктеріне шолу жасап, құқықтық база, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесу перспективаларына тоқталып өтті.
Бұдан басқа, сұхбат барысында мажар тарапына Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген Қазақстанның болашағына ықпал ететін маңызды бастамалар мен алдағы конституциялық реформалар туралы жеткізілді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының болашақ Парламенттің атауы, құрылымы мен өкілеттігі бойынша пікірі, қоғамдық-саяси және мемлекеттік билік институттарын реформалауды (Халық кеңесі, вице-президенттік және т.б.) көздейтіні айтылды.
А.Штифтер, өз кезегінде мажар тарапы Түркі мемлекеттері ұйымымен және Орталық Азия елдерімен, оның ішінде Қазақстанмен арадағы байланыстарға жоғары мән беретінін жеткізіп, Будапешт тек саяси байланыстарды ғана емес, сонымен қатар өзара тиімді сауда-экономикалық инвестициялық қатынастарды тереңдетуге мүдделі, деді. Мажарстанның Орталық Азиядағы стратегиялық серіктесі, әрі көшбасшы мемлекет саналатын «орта держава» Қазақстанмен барлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі жандандыру ресми Будапешттің приоритетті бағыты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша, дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына, әрі 2025 жылдың маңызды жыл болғанына тоқталып, 2026 жылдың да екіжақты және көпжақты деңгейде ауқымды да маңызды іс-шаралармен жалғасатынына сенім білдірді.