Ыстанбұлда Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік әлеуеті таныстырылды

Ыстанбұлда Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік әлеуеті таныстырылды

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен және халықаралық іскерлік Dünya Türk Ticaret Platformu платформасымен бірлесіп «Түркия мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында іс-шара өтті.

Аталған іс-шара тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, отандық өнімнің шикізаттық емес экспортын ілгерілетуге және туристік саланың орнықты дамуына, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлік топтары арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталды.

Кездесу барысында Қазақстанның экономикалық әлеуеті, оның ішінде даму басымдықтары және мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып, түрік бизнесі үшін қолжетімді мүмкіндіктер таныстырылды.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастардың тұрақты дамуын, Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлардың қалыптасқанын, сондай-ақ өндірісті орналастыру, экспорт пен туризм салаларындағы әлеуеттің жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол іскер топтар арасындағы практикалық диалогтың өзара тиімді жобаларды іске асырудағы маңыздылығына тоқталды.

1500-ден астам бизнес өкілін біріктіретін Dünya Türk Ticaret Platformu-ның Бас төрағасы Ахмет Ортатепе түрік іскер қауымының Қазақстанмен ынтымақтастыққа жоғары қызығушылық танытып отырғанын және серіктестік байланыстарды одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді. Іс-шараға экономиканың түрлі салаларынан 200-ден астам бизнес өкілі, оның ішінде өнеркәсіп, логистика, агроөнеркәсіп кешені, сауда, туризм және қызмет көрсету салаларының өкілдері қатысты.

Іс-шара соңында B2B-кездесулер ұйымдастырылып, өзара іс-қимылдың болашақ бағыттары, кооперация мүмкіндіктері және ынтымақтастықтың нақты форматтары талқыланды.