
Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиев Ыстанбұл қаласында Түркияның жетекші бұқаралық ақпарат құралдары – Demirören Haber Ajansı және CNN Türk, İhlas Haber Ajansı, Kanal 7 және Ülke TV, Albayrak медиатоптарының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты дамыту және медиа саласындағы өзара байланысты жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды.
Сұхбат аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде айтылған негізгі бағыттарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, саяси жүйені жаңғырту, билік институттарын реформалау, ұлттық мүдделерді қорғау, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелері қозғалды.
Тараптар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы шынайы әрі жан-жақты ақпарат таратуда түрік медиасының рөлін жоғары бағалап, екі ел арасындағы ақпараттық көпірдің одан әрі нығаюына сенім білдірді.
Сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық аренадағы бастамалары мен сыртқы саяси басымдықтарын Түркия жұртшылығына кеңінен таныстыру тетіктері талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл өз кезегінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестиция бағыттарындағы ынтымақтастық деңгейінің белсенді артып жатқанын атап өтіп, бұл үдерістегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін ерекше бағалады.
Кездесулер қорытындылары бойынша тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған ақпараттық және гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге дайын екендіктерін білдірді.
Аталған кездесу екі ел арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамытуға және өңірлік әрі жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді объективті жария етуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірілді.