Исламабадта Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды

Исламабадта Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды

Пәкістан Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігі жанындағы Аймақтық зерттеулер институтында Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафиннің қатысуымен Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған семинар өтті.

Іс-шараға академиялық орта өкілдері, сараптамалық орталықтардың мамандары, бейіндік мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Е. Қыстафин Астана мен Исламабад арасындағы ынтымақтастықты іске асырудың негізгі бағыттары мен практикалық тетіктеріне жан-жақты тоқталып, саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, өңірлік өзара байланыстылық, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, мәдени алмасу және халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азиядағы транзиттік көлік-логистикалық хабтар ретіндегі Қазақстан мен Пәкістанның рөліне, өңірлік интеграция аясында ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.

Елші транзиттік-көлік күн тәртібінің басым маңыздылығына жеке тоқталып, осы тұрғыда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысының негізгі қорытындылары туралы баяндады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті берген, Қазақстанды Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша халықаралық деңгейдегі негізгі көлік-логистикалық хаб ретінде дамытуға бағытталған тапсырмаларға ерекше мән берілді.

Іс-шараға қатысушылар екіжақты жобаларды іске асырудағы мүмкіндіктер мен сын-қатерлерді, сондай-ақ кеңірек өңірлік контексте өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің ықтимал бағыттарын талқылады.