
Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербия Республикасының Халықаралық экономикалық ынтымақтастықты дамыту министрі Ненад Поповичпен кездесті.
Кездесу барысында М.Атамқұлов Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерімен таныстырып, түрлі салаларда дамытуға арналған перспективалық бағыттарға назар аударды.
Атап айтқанда, қазақ дипломаты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу, Сербия тарапының Қазақстанның көлік-логистика секторына қатысу мүмкіндіктері, сондай-ақ, екі елдің іскер топтары арасындағы байланыстарды жандандыру және өзара тауар айналымын әртараптандыру мәселелерін көтерді.
Өз кезегінде Н.Попович Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты дамуына оң баға берді. Оның айтуынша, ел басшылығы достас Қазақстанмен қарым-қатынастарды дамытуға ерекше мән береді. Осы тұрғыда серб тарапының екіжақты экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар алдағы кезеңге арналған Қазақстан-Сербия екіжақты қарым-қатынастарының даму динамикасына қосымша серпін беруге бағытталған нақты жоспарлармен алмасты.