Мәскеуде аграрлық саладағы ынтымақтастық талқыланды

Мәскеуде аграрлық саладағы ынтымақтастық талқыланды

Мәскеу, 2026 жылғы 22 қаңтар - Мәскеудегі «Крокус-Сити» іскерлік орталығында AGRAVIA атты ірі халықаралық көрмесі аясында «Агрос Экспо Групп» ЖШҚ Ресей көрме компаниясының көмегімен Ресейдегі Қазақстан Елшілігі ұйымдастырылған «Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығындағы ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті» іскерлік форумы өтті.

Іс-шара барысында Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің (АӨК) экспорттық және инвестициялық мүмкіндіктері ұсынылды, ынтымақтастықты кеңейту және аграрлық саладағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Кездесуді аша отырып, оның модераторы, РҒА академигі, РФ Сауда-өнеркәсіп палатасының Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту комитетінің төрағасы Петр Чекмарев бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісін дамытуда айтарлықтай әлеуеті бар екенін атап өтті. Оның бағалауы бойынша, екі ел де егінді кеңейту үшін үлкен аумақтарға ие, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту мүмкіндігі бар.

Өз тарапынан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Қазақстанның бірегей ресурстық әлеуеті бар екенін – ол жайылымдық жерлер ауданы бойынша әлемде 6-орында және егістік жерлер ауданы бойынша 8-орында екенін атап көрсетті. «Соңғы 10 жылда Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 2,5 еседен астам, яғни $7 млрд-тан 18 млрд-қа дейін өсті. Қазақстан 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті екі есеге арттыруға өршіл мақсат қойып отыр», - деп атап өтті Елші. Ол Ресеймен аграрлық ынтымақтастық ерекше орын алатынын айта келе, өзара іс-қимылды арттыруға шақырды.

Екі елдің АӨК ынтымақтастығында кадр мәселесі үлкен рөл атқаратынын айта келе, Федерация Кеңесінің Аграрлық-азық-түлік саясаты және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің мүшесі Геннадий Орденов: «Қазіргі ауыл шаруашылығы тек агрономиялық және зоотехникалық білімді ғана емес, сонымен қатар цифрлық технологияларды, автоматтандыру жүйелерін, GPS-навигацияны және инновациялық биотехнологияларды меңгерген мамандарды талап етеді. Аграрлық білім беру саласындағы ынтымақтастық - тек білім алмасу ғана емес, бұл болашаққа салынған инвестиция. Осы бағыттағы екіжақты кооперация дәйекті түрде дамып, тереңдей түсуде. Қазіргі уақытта Қазақстан Ресейдің аграрлық жоғары оқу орындарында студенттер саны бойынша екінші орында», - деп атап өтті.

Ресей Федерациясы Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Ольга Абрамова Қазақстан АӨК дамыту бойынша елеулі жұмыс жүргізіп жатқанын және Ресей мұнда айтарлықтай көмек көрсете алатынын айтты. Атап айтқанда, ол қазақтың ақбас сиырларын мысалға келтірді. «Бұл тұқымның бір бөлігі Ресей Федерациясының аумағында шоғырланған. Мал шаруашылығы салаларын бірлесіп дамыту тұрғысынан біз осы тұқымды дамыту стратегиясын қалыптастырғанымыз жөн болар еді, өйткені Қазақстанға өсімін молайтуды қамтамасыз ету үшін өз табындарын сапалы мал басымен толықтыру қажет», – деп ұсынды ол.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Айбол Арғынғазинов өз сөзінде ЕАЭО елдерімен кооперацияны дамыту контексінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуеті туралы баяндады. «Инвесторлар үшін болжамды шарттардың, тұрақты реттеушілік ортаның және ұзақ мерзімді жұмыс ережелерінің болуы аса маңызды. Бүгінде Қазақстанда мұндай параметрлер қалыптасқан. ЕАЭО бірыңғай нарығының мүмкіндіктерімен ұштастыра отырып, бұл елді өндірістік кооперацияны, оның ішінде ресейлік компаниялармен кеңейту үшін ыңғайлы платформа ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Айбол Арғынғазинов.

Форум барысында, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастығы мен агроөнеркәсіптік компанияларының өкілдері, сонымен қатар Қазақстаннан сүт,май және мал шаруашылығы салаларын ұсынатын салалық қауымдастықтардың басшылары сөз сөйледі. АӨК-те өзара іс-қимылды жандандыру бойынша нақты ұсыныстар, жобалар мен жоспарлар талқыланды.

Іс-шараға қатысушылар атап өткендей, қазіргі экономикалық ахуал кооперацияға жаңа тәсілдерді, озық технологияларды енгізуді, жаһандық трендтерге бейімделуді талап етеді. Олардың пікірінше, Қазақстан мен Ресейдің іскер топтары АӨК-дегі ынтымақтастықтың әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, сонымен бірге елеулі жаһандық сын-қатерлер жағдайында туындайтын проблемаларға ден қоюда икемділік танытуы тиіс.

Кездесу қорытындысы бойынша үйлесімді өзара іс-қимыл, тікелей тәжірибе алмасу және өзара қолайлы шешімдерді табысты іздеу экономикалық қатынастарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірілді.