Қазақстандағы алдағы конституциялық реформалар ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы тарапынан жоғары бағаланды

Қазақстандағы алдағы конституциялық реформалар ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы тарапынан жоғары бағаланды

Қазақстан Республикасының Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Парламент ассамблеясының төрағасы Пере Хуан Понс Сампьетромен кездесті.

Сұхбат барысында қазақ дипломаты Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Қазақстанның алдағы ауқымды саяси жаңғыртуы туралы хабардар етті.

Елші бір палаталы парламентке көшу және заң шығару бастамасы құқығы бар «Халық кеңесін» құру Қазақстан парламентаризмінің дамуындағы жаңа кезең екенін атап өтті. Ол конституциялық реформа бойынша соңғы шешімді Қазақстан азаматтары ұлттық референдумда қабылдайтынына назар аударды.

Өз кезегінде, ЕҚЫҰ ПА Төрағасы Қазақстандағы конституциялық реформаларға қызығушылық танытып, оларды қолдайтынын атап өтті. Ол Қазақстан парламентшілердің ЕҚЫҰ Парламент ассамблеясының жұмысына қосқан үлесін жоғары бағалады.