
Қазақстан Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданындағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов Гонконг АӘА Үкіметінің Сауда және экономикалық даму министрлігінің «Бір белдеу, бір жол» кеңсесінің комиссары Николас Хомен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы 2026 жылға арналған әріптестікті дамытудың негізгі аспектілерін, атап айтқанда, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Бас консул Комиссарды Қазақстанның инвестициялық және әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетімен, сондай-ақ туристік және инфрақұрылымдық секторларындағы инвестициялық жобалармен таныстырды.
Өз кезегінде, Николас Хо «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде инвестициялар тартудағы Қазақстанның жоғары әлеуетін атап өтіп, ынтымақтастықты кеңейтуге, сонымен қатар Гонконг пен «Greater Bay» өңірі (Чжаоцин, Фошань, Цзянмынь, Чжухай, Чжуншань, Дунгуань, Хойчжоу, Макао, Гуанчжоу және Шэньчжэнь қалалары) бизнесмендерінің 2026 жылы Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға ниетті екенін растады.
Қазақстан Гонконг Үкіметінің негізгі стипендия алушы елдерінің бірі бола отырып, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында білім беру бағдарламаларына белсенді қатысатыны атап өтілді. Осыған байланысты Бас консул қазақстандық студенттерге арналған гранттар санын ұлғайту мәселесін гонконгтық университеттермен талқылау туралы өтініш білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бастамаларды іске асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаласа отырып, инвестициялар, сауда, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін атап өтті.
Қазіргі уақытта толық грант бойынша 400-ден астам қазақстандық студент әлемнің үздік 50 жоғары оқу орындарының қатарына кіретін Гонконгтың жетекші университеттерінде білім алуда.