Қазақстан мен Испания энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Испания энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Мадрид, 2026 жылғы 16 қаңтар – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Энергетика жөніндегі мемлекеттік хатшысы Жоан Гроисардпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар энергетикалық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда энергетика саласының орнықты дамуын қамтамасыз ету, қуат көздерін алмастыру, энергия тиімділігін арттыру және заманауи технологиялық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды.

Елші Қазақстанның аталған саладағы мемлекеттік саясатының басымдықтары, соның ішінде энергетика секторын жаңғырту, энергетикалық теңгерімді әртараптандыру, ЖЭК дамыту және энергетикалық инфрақұрылымның орнықтылығын нығайту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар жөнінде ақпарат берді.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Корольдіктің осы бағытта Қазақстанмен диалогты кеңейтуге қызығушылық танытып, «жасыл» энергетиканы дамыту, энергетикалық жүйелерді заманауи сын-қатерлерге бейімдеу және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы испан тәжірибесімен бөлісті.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар аталған салада практикалық тетіктерді дамытуға ниетті екендерін растап, бірлескен бастамаларды әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.