Алжирдің Коммуникация министрі Қазақстан Президентінің сұхбатына қызығушылық танытты

Алжирдің Коммуникация министрі Қазақстан Президентінің сұхбатына қызығушылық танытты

Алжир, 2025 жылғы 5 қаңтар – Қазақстанның Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжир Халық Демократиялық Республикасының Коммуникациялар жөніндегі министрі Зохейр Буамамамен кездесті. Министрдің құзіретіне мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі және елдің идеологиялық мәселелері кіреді.

Кездесу барысында алжирлік министр назарына Мемлекет басшысының  «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты ұсынылып, өз кезегінде ол Қазақстан басшысы жүзеге асырып отырған ішкі саяси реформалар мен бастамаларға, олардың ел егемендігін, патриотизмді және азаматтардың әл-ауқатын нығайтуға бағытталғанына жоғары баға берді.

Министр З. Буамама аталған сұхбаттың негізгі тұжырымдары, сондай-ақ Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен қол жеткізілген нәтижелер жетекші алжирлік бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, практикалық қызметте зерделеу және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарының аудармасы табысталды. Құжат алжирлік министрдің үлкен қызығушылығын тудырып, ол Қазақстан басшылығының жүйелі әрі байыпты ұстанымдарын жоғары бағалады.

Тараптар сондай-ақ сыртқы саяси ведомстволар арасында және Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алжирдің Коммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық аясында елдердің халықаралық аренадағы оң имиджін ілгерілету мәселелері бойынша перспективалы бағыттар мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін жан-жақты талқылады.

Алжир тарапы қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатты қалыптастырудағы тәжірибесі ерекше қызығушылық тудыратынын атап өтті.

Экономикалық құрылымдардың ұқсастығын, күрделі геосаяси ахуалды және жаһандық сын-қатерлердің артуын ескере отырып, З. Буамама Алжир Қазақстанның ең табысты тәжірибелерін, әсіресе сыртқы ақпараттық жұмыс пен ішкі саясаттағы стратегиялық басымдықтарды айқындау саласында зерделеуге және бейімдеуге мүдделі екенін жеткізді.

Жалпы алғанда, тараптар ресми және сараптамалық делегациялар алмасуын, сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын пысықтауды қамтитын бірлескен іс-қимыл жоспарын айқындады.