Түркияның ірі инвесторлары Қазақстандағы жобаларын сәтті жүзеге асыруды жалғастыруда

Түркияның ірі инвесторлары Қазақстандағы жобаларын сәтті жүзеге асыруды жалғастыруда

Ыстанбұл 2025 жылғы 22 желтоқсан – Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі Еркебұлан Сәпиев және Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Қазақстанда жұмыс істейтін жетекші түрік компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.

Атап айтқанда, Астанада бидай мен бұршақты терең өңдеу жобасын жүзеге асыра бастаған Tiryaki Holding, Алматыда фармацевтикалық өндіріс жобасының екінші кезеңін жүзеге асырып жатқан Nobel Pharmaceuticals; Үлкен Алматы айналма жолының (ҮАААЖ) құрылысын сәтті аяқтаған Makyol Holding, Алматы халықаралық әуежайын кеңейту және жаңғырту жобасымен айналысып жатқан TAV Havalimanları Holding, Қазақстандағы киім дүкендері желісінің иесі Koton және Қостанай облысында астық өңдеу жобасын жүзеге асыратын Çalık Holding, сондай-ақ Қазақстанда мыс кен орындарын игеру жобаларын қарастырып жатқан бірқатар әлеуетті инвесторлармен мазмұнды келіссөздер жүргізілді.

Кездесулер барысында тараптар қолданыстағы инвестициялық жобалардың ағымдағы жағдайы мен ілгерілеуін, сондай-ақ Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларындағы жаңа бастамалардың перспективаларын талқылады.

Сонымен қатар, аталған Холдинг басшылары Қазақстан Республикасы Үкіметіне қолайлы инвестициялық ахуал жасауға және шетелдік инвесторларды жан-жақты қолдауға бағытталған саясаты үшін алғыс білдірді.