Қазақстан мен Израиль «жасыл» технологиялар және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Израиль «жасыл» технологиялар және қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Тель - Авив, 2025 жылғы 22 желтоқсан ­– Қазақстан Республикасының Елшісі Дәулет Ембердиев Тель-Авив агломерациясына (Гуш-Дан) қызмет көрсететін «The Hiriya Recycling Park» (Хирия) тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорнын жұмысымен танысты.

Сапар барысында  Гуш-Дан қалалары қауымдастығының Бас директоры Гилем Ливнемен, басқарма төрағасы әрі Тель-Авив қаласы әкімінің орынбасары Реувен Ладиянскиймен кездесті.

Сапар барысында Қауымдастық басшылары Хирияның қалыптасу тарихы мен жылдар бойы жинақталған бірегей тәжірибесі, қалалық тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату және оларды қайта пайдалануды қамтамасыз ететін табысты тәжірибелер туралы ақпарат берді.

Әсіресе өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін отын өндіруге арналған тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу желісі (RDF — Refuse Derived Fuel), сондай-ақ Хирияның «Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі білім беру орталығы» ерекше қызығушылық тудырды. Аталған орталық оқушыларға, студенттерге, экологияға қызығушылық танытатын Израиль тұрғындары мен қонақтарына табиғат алдындағы жауапкершілік пен қоршаған ортаны қорғаудың маңызы жөнінде кеңінен мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Елшісі мен Хирия басшылығы екі елдің уәкілетті министрліктерінің, мүдделі муниципалитеттерінің және іскер топтарының өкілдері арасында озық тәжірибе алмасу, сондай-ақ қалалық экология және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу салаларында бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мақсатында байланыстарды жолға қою жөніндегі бірлескен қадамдар туралы уағдаластыққа қол жеткізді.