Чунцин қаласы Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Чунцин қаласы Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастық орнатуға мүдделі

Чунцин, 2025 жылғы 18 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев ҚХР Чунцин қаласы Халық үкіметінің Сыртқы істер басқармасының директоры Ван Вэньмен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың негізгі бағыттарын талқылады.

Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту, инвестиция тарту, транзиттік-көлік инфрақұрылымы, тау-кен өндіру және энергетика салаларындағы ынтымақтастыққа, сондай-ақ мәдениет пен білім беру саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Бас консул 2026 жылға арналған Қазақстан өңірлері мен Чунцин қаласы арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге бағытталған кешенді іс-қимыл жоспарын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Сапар аясында Бас консул Чунцин ғылым және технология университетінің ректоры Чжао Минцземен кездесіп, Орталық Азия елдерінің өкілдері қатысқан жаңа материалдар саласындағы біліктілікті арттыру бағдарламасының аяқталу салтанатына қатысты. Бағдарламаға 20 тыңдаушы қатысса, оның 12-сі Қазақстан Республикасының азаматтары болды.

Тараптар жоғары білім, ғылыми-зерттеу, инновациялар және академиялық алмасу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Қазақстан Республикасының Бас консулдығы қытайлық университеттермен және кәсіпорындармен серіктестікті дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Сонымен қатар Бас консул Батыс құрлықтық-теңіз жаңа дәлізін дамыту шеңберіндегі «Чунцин тораптық порты» индустриялық паркіне барды. Кездесу барысында Еуразиялық кеңістіктегі транзиттік әлеуетті нығайту, мультимодальды логистикалық хабтар мен цифрлық дәліздерді дамыту, сондай-ақ Қытай өңірлері мен АСЕАН елдерімен сауданы кеңейту мәселелері талқыланды. Тараптар аталған бастамаларды бірлесіп зерделеуге дайын екендерін білдірді.