Бангкокта онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция өтті

Бангкокта онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция өтті

Бангкок, 2025 жылғы 17-18 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұхан 2025 жылғы 17–18 желтоқсан күндері Бангкок қаласында өткен Онлайн-алаяқтыққа қарсы жаһандық серіктестік жөніндегі халықаралық конференцияға (International Conference on the Global Partnership against Online Scams) қатысты.

Аталған іс-шараны Таиланд Сыртқы істер министрлігі мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға онлайн-алаяқтық, киберқылмыс және онымен байланысты трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күресте халықаралық деңгейде үйлестірілген шараларды талқылау мақсатында министрлер, вице-министрлер, елшілер, мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың, құқық қорғау органдарының, сондай-ақ жеке сектор мен азаматтық қоғамның жоғары лауазымды өкілдері қатысты.

Жоғары деңгейдегі сегмент аясында бағдарламалық баяндамалармен Таиланд, Үндістан және Индонезия сыртқы істер министрлері, сондай-ақ өзге мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Қатысушылар онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және трансұлттық қылмыстық топтар пайдаланатын қаржылық ағындарды тоқтату мәселелері бойынша ұлттық тәжірибелерімен және тәсілдерімен алмасты.

Тақырыптық сессиялар барысында онлайн-алаяқтық саласындағы қылмыстарды тиімді тергеу мен қылмыстық қудалау, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, заманауи цифрлық технологияларды қолдану және киберқауіпсіздік саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Конференция қорытындысы бойынша Онлайн-алаяқтыққа қарсы жаһандық серіктестіктің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Құжатта халықаралық үйлестіруді одан әрі нығайту және заманауи киберқауіптерге қарсы келісілген әрекет ету шараларын әзірлеу жөніндегі ұсынымдар қамтылған. Аталған мәлімдеменің тең демеушілері (co-sponsors) қатарында Перу Республикасы, Бангладеш Халық Республикасы және TikTok компаниясы бар.