Бакуда қазақ-әзербайжан қатынастары талқыланды

Бакуда қазақ-әзербайжан қатынастары талқыланды

Баку, 2025 жылғы 15 желтоқсан — Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстанның Бакудағы Елшілігінде Қазақстан-Әзербайжан қатынастарына арналған дөңгелек үстел өтті.

Шараға Қазақстан Республикасының Әзербайджандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжан Республикасының Парламент депутаты Азер Аллахверенов, Халықаралық қатынастарды талдау орталығының басқарма төрағасы Фарид Шафиев, Оңтүстік Кавказ Стратегиялық зерттеулер орталығының директоры Фархад Мамедов, «Оңтүстік Кавказ» саясаттанушылар клубының төрағасы Илгар Велизаде, Кавказ тарихы орталығының директоры Ризван Гусейнов, STEM аналитика орталығының директоры Орхан Йолчуев, «Атлас» зерттеу орталығының жетекшісі Елхан Шахиноглу, «Баку саясаттанушылар клубы» қоғамдық бірлестігі төрағасы Заур Мамедов және дипломаттар қатысты.

Сарапшылар 2025 жылдың қазан айында өткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитіне қатысу үшін Әзербайжанға сапары мен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапарының нәтижелерін жоғары бағалады. Сонымен қатар, екіжақты саяси диалогтың бұрын-соңды болмаған қарқынды дамуы барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықтың артуына жағдай жасап, энергетика мен көлік салаларында бірқатар бірлескен стратегиялық жобалардың жүзеге асырылуына серпін беріп отырғанына мән берілді.

Бұл тұрғыда Әлім Байел Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ), Қазақстан мұнайы мен уранының Әзербайжан арқылы экспортталуы, 2026 жылы аяқталатын Каспий теңізінің түбімен талшықты оптика байланыс желісінің тартылуы сияқты ірі жобалардың маңыздылығын атап өтті. Дипломат Қазақстанның 2025 жылы алғаш рет Әзербайжан нарығына бидай жеткізуші басты елге айналғанын және бұл жетістікті нығайтуға үмітті екенін білдірді.

Елші сондай-ақ 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Президентінің халыққа арнаған жолдауында айтылған негізгі ойлар туралы әзербайжандық сарапшыларды хабардар етті. Дипломат әсіресе әзірленіп жатқан парламент реформасы мен Қазақстандағы жасанды интеллектке берілетін зор маңызға тоқталды.

Әңгіме барысында сарапшылар Түркі мемлекеттері ұйымының маңызының артып келе жатқанын атап өтіп, ұйымға төрағалық ету кезеңінде Әзербайжанның негізгі басымдықтары туралы өз ойларымен бөлісті. Депутат А. Аллахверенов ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтік емес ұйымдар платформасының Бакуда құрылып жатқанын атап өтті. Өз кезегінде, Орхан Йолчуев ТМҰ-ға мүше мемлекеттерден жас ғалымдар мен мамандар үшін әуе рейстерін субсидиялауды ұсынды. Оның пікірінше, осылайша бауырлас елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға болады.

Әзербайжанның жақында Орталық Азия елдерінің ынтымақтастық форматына қосылғанын ескеріп, Фарид Шафиев 2026 жылы C6 аналитикалық орталықтар форумын өткізу ұсынысын білдірді. Сонымен қатар, осындай форумды Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі аясында өткізу ұсынысы да жасалды. Өз кезегінде, Фархад Мамедов Әзербайжан мен Армения арасындағы нормализация процесі туралы айтып өтті. Оның айтуынша, Әзербайжан 2026 жылы бұл бағытта одан әрі ілгерілеуді күтіп отыр. Оның пікірінше, жақында Қазақстан бидайының Әзербайжан арқылы Арменияға жеткізіле бастауы маңызды қадамдардың бірі болды.

Сонымен қатар, шара барысында энергетика мен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық, ғылыми-сараптамалық кооперация, мәдени-гуманитарлық байланыстар мәселелері бойынша сарапшылардың пікірлері тыңдалды.