
Будапешт, 2025 жылғы 11 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси-экономикалық реформалар мен ел дамуына арналған дөңгелек үстел өткізді.
Кездесуге Мажарстанның танымал «Mandiner», «Eurázsia Center», «Daily News», «Diplomatic Press Agency», «Magyar Nemzet», «HVG.hu», «About Hungary» басылымдары, сондай-ақ «Hungarian Institute of International Affairs» (HIIA), «Mathias Corvinus Collegium» (MCC) және «Danube Institute» сынды беделді ой-талқы орталықтарының өкілдері қатысты.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды және жүйелі саяси, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық реформалар үрдісі жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, еліміздің одан әрі демократиялануына, азаматтық институттарды күшейтуге және мемлекеттік басқару тиімділігі мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді ұлттық бағдарламалар туралы кеңінен әңгіме болды. Осы ретте, Әділетті Қазақстан құру жолындағы «Естуші мемлекет», «Күшті Президент - Ықпалды Парламент - Есеп беретін Үкімет» қағидаттары, сондай-ақ Конституциялық өзгерістердің негізгі элементтері, соның ішінде 2027 жылы жалпыхалықтық референдумға шығарылуы жоспарланған бір палаталы Парламент моделіне көшудің мақсат-мұраттары түсіндірілді. Жүргізілген реформалардың арқасында азаматтарымыздың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы мүмкіндігі едәуір кеңейіп, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайғаны аталып өтті.
Іс-шара барысында Елшілік қызметкерлері Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі бастамалары, экономикалық дамуы, оның ішінде транзиттік-көлік дәліздерінің мүмкіндіктері және инвестициялық тартымдылығы бойынша көлемді презентациялар жасады.
Кездесу барысында мажар қатысушылар Қазақстанның өңірлік, оның ішінде Орталық Азия мен Еуропа сыртқы саясаты, Бір белдеу – Бір жол шеңберіндегі көліктік саясаты, Қазақстан-Мажарстан ынтымақтастығының көкжиектері мен еліміздің алдағы кезеңдегі басты саяси-экономикалық күн тәртібі туралы сұрақтар қойды. Осы ретте, қатысушылар Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді және сындарлы саясатын жоғары бағалап, қазақ-мажар ынтымақтастығының ағымдағы жылғы серпінді даму сипатын ерекше атап өтті.