
Ыстанбұл, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Ыстанбұлда Түркияның жетекші университеттерінің 25-тен астам ректорлары мен өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына арналған кеңейтілген дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстанның стратегиялық басымдықтарын іске асыруда жоғары білім мен ғылымның рөлін талқылайтын сараптамалық алаңға айналды.
Пікір алмасу барысында Мемлекет басшысы айқындаған бастамалар – жасанды интеллектті дамыту, өнеркәсіпті цифрлық жаңғырту, экономиканың тұрақтылығын арттыру және білім беру стандарттарын трансформациялау жөнінде жан-жақты шолу ұсынылды.
Қатысушылар Жолдау жаңа технологиялық құрылым қалыптастыру және адами капиталды нығайту жөніндегі айқын бағытты көрсететінін атап өтті.
Кездесуде Қазақстан мен Түркия университеттері арасында жасанды интеллект, цифрлық зерттеулер және инновациялық экономикаға бағытталған жаңа академиялық және зерттеу альянстарын құру мәселесі талқыланды. Түрік ғалымдары Президент Қ. Тоқаевтың Жолдауы ғылым мен технологиялардың жаһандық даму үрдістеріне толық сәйкес келетінін атап өтті.
Ерекше назар болашақ салалар үшін мамандар даярлау, ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру және екі ел университеттерін өңірдің ортақ инновациялық экожүйесіне интеграциялау мәселелеріне аударылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға және Жолдауда қойылған міндеттердің орындалуына ықпал ететін бірлескен бағдарламаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.