Жеңіс мұражайында қазақстандық жауынгерлердің сүйектері тапсырылды

Жеңіс мұражайында қазақстандық жауынгерлердің сүйектері тапсырылды

Мәскеу, 2025 жылғы 5 желтоқсан - Поклонная тауындағы Жеңіс мұражайында Псков облысындағы іздестірушілер тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйектері тапсырылды.

Қаза болған жауынгерлер Қызылорда облысының тумасы Байбұл Рахметов (1917 жылы туған) және Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы Мұсахан Қалмұрзаев (1921 жылы туған) екені анықталды. Әдетте, қаза тапқандардың жеке басы сарбаздардың медальондары бойынша анықталады, ал бұл жерде ерекше жағдай орын алған, екі жауынгер де сақталып қалған наградалары бойынша анықталған.

Танк зеңбірекшісі Байбұл Рахметов «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалімен және «Қызыл жұлдыз» ордені бойынша танылған. Аталған орденмен ол немістің «Тигр» танкісін атып қиратқаны үшін марапатталған екен.

Мұсахан Қалмұрзаев шаңғы батальонының автоматшысы болған. Бұл бөлімшелер жаудың сыртынан жауынгерлік міндеттерді орындап, ұрыс барысын өзгертуге немесе дағдарысты жоюға ықпал еткен. Жауынгер «Ерлігі үшін» («За отвагу») медалі бойынша танылған.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев Псков іздестіру жасақтарына осындай маңызды және ізгі қызметтері үшін ризашылығын білдірді. Ол Псковты азат ету кезінде жүздеген қазақстандықтардың қаза тапқанын еске салды. «Ол кезде адамдар дін немесе ұлт бойынша бөлінбеді, өйткені бәрінің мақсаты бір болды, ол – Отан және болашақ ұрпақтың бақытты өмірі үшін күресу. Бүгінде қаза тапқан батырларды еске алу біз үшін өсиет және жаңа ұрпақ азаматтарын тәрбиелеу үшін үлгі болып қалуы тиіс», - деп атап өтті Елші.

Елшінің сөзін «Обелиск» отрядының іздеушісі Дмитрий Иванов қолдады. «Шынында да, ол кезде ешкім ешкімді ұлты бойынша бөлмеген. Олар бір жұдырықтай жұмылып, ортақ Отан үшін өз өмірлерін қиды. Олар туралы естелік - халықтарды, мемлекеттерді, ұрпақтарды байланыстыратын асыл мұра», - деп атап өтті ол.

Мәскеуге арнайы келген Байбұл Рахметовтың туысы - Хасен Рахметов іздеушілерге жауынгерлердің қайта оралған есімі мен тарихи естелік үшін ризашылығын білдіріп, Ресей халқына бейбітшілік, амандық, бақыт және сәттілік тіледі.

Іс-шара барысында қаза тапқан жауынгерлерге арналып бір минут үнсіздік жарияланып, мұсылмандарды еске алу рәсімі жасалды. Жақын арада жауынгерлердің сүйектері әскери құрметпен жерлеу үшін Отанына жеткізілетін болады.