Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Қытайдың Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы басшылығымен кездесті

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Қытайдың Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы басшылығымен кездесті

Шанхай, 2025 жылғы 3 желтоқсан – Нұрлан Аққошқаров Цзяңси провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер канцелярия директорының орынбасары Ли Юйцянмен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар өзара ынтымақтастықтың қазіргі деңгейін талқылап, өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайту перспективаларын, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық серіктестікті дамыту бағыттарын, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық алмасуларды кеңейту мәселелерін қарастырды. Кездесу барысында Цзяңси провинциясынан Қазақстанға инвестиция тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Ли Юйцян Цзяңси провинциясы мен Алматы облысы арасында достық қатынастар орнату туралы ниет хатының қабылданғанын ризашылықпен атап өтіп, екі өңірдің әкімшілік орталықтары – Наньчан және Қонаев қалалары арасында бауырластық байланыстар орнату туралы келісімнің жақын арада қол қойылатынына сенім білдірді.

Іскерлік байланыстарды жандандыру мақсатында Цзяңси провинциясының өкілдері шетелде инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын іске асыруда елеулі тәжірибесі бар, Қытайдың ең ірі 500 кәсіпорнының қатарына кіретін Jiangxi Construction Engineering (Group) мемлекеттік корпорациясын таныстырды.

Кездесу қорытындысында Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулдығы мен Цзяңси провинциясының Сыртқы істер канцеляриясы арасындағы жұмыс байланыстарын күшейту, әлеуеті бар өңіраралық бастамаларды бірлесе ілгерілету және екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Цзяңси провинциясы Қазақстан үшін белсенді сауда-экономикалық серіктес болып табылады және түрлі бірлескен өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға қатысып келеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша провинцияның жалпы аймақтық өнімі 471,8 млрд АҚШ долларын құрап, Қытай өңірлері арасында 15-орынға ие болды.