
Хельсинки, 2025 жылғы 17 қараша – Инновация және білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов цифрлық трансформация хабы саналатын Оулу қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында Елші өңірлік билік өкілдерімен, Оулу университетімен және негізгі компаниялармен бірқатар кездесулер өткізді.
«Business Oulu» орталығында Елші қаланың инновациялық, мәдени және білім беру бағыттарын, сондай-ақ орнықты қалалық орта қалыптастыру және технологиялық стартаптарды қолдау бойынша муниципалитеттің күш-жігерімен танысты.
Оулу қаласының мэрі Ари Алатоссавамен кездесуде өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ тұрақты қалалық даму мен инновациялық технологиялар саласында тәжірибе алмасу перспективалары талқыланды.
Елші сондай-ақ «Nokia» компаниясының Оулудағы өкілдігінің басшысы Яркко Пююкконенмен жаңа ғимаратта кездесті. Аталған ғимарат 5G және 6G радио жабдықтарының инновациялық циклінің барлық кезеңін қамтитын әлемдегі ең озық орталықтардың бірі болып табылады. Кездесу барысында тараптар ақпараттық коммуникациялар технологиялары саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту әлеуетін талқылады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат кабельдік жабдықтарды өндіру және цифрлық шешімдерге маманданған «Meka Pro Oy» және «Siili Solutions» компанияларының басшылығымен кездесті. Әңгіме барысында финдік компаниялардың Қазақстандағы инфрақұрылымды дамыту, өндіріс процестерін цифрландыру және интеллектуалды технологияларды енгізу бағыттарындағы серіктестік жобаларға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Сапар соңында қазақ дипломаты әлемдегі ең үздік университеттердің 3% қатарына кіретін Финляндияның жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі – Оулу университетіне барды. Елшіге университеттің зерттеу және инновациялық қызмет бағыттары, оның ішінде 6G технологияларын әзірлеу жобалары таныстырылды. Бұдан бөлек, А.Әбдіраимов университетте жұмыс істеп жүрген қазақстандық ғалымдармен кездесті.