Масқат, 2025 жылғы 12 қараша – Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматовтың Оман Сұлтандығының Ауыл шаруашылығы, балық өсіру және су ресурстары министрі Сауд бин Хаммуд Әл-Хабсимен кездесуі өтті.
Аграрлық саладағы ынтымақтастықты талқылау барысында Қазақстанның жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін Оман нарығына тұрақты жеткізуді жолға қою мүмкіндіктері атап өтілді.
Бұл ұсыныс Оман тарапының қызығушылығын тудырды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларына орай аталған мәселе Таяу Шығыстағы бұл ел үшін өзекті болуда.
Атап айтқанда, Оман тарапы тиісті компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнату үшін шетелге азық-түлік экспортымен айналысатын қазақ компанияларына қызығушылық білдірді. Сұлтандық теңіз порттарындағы қоймалар инфрақұрылымының азық-түлік тауарларын ұзақ уақыт бойы үлкен көлемдерде сақтауға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Оманнан жаңа ауланған теңіз балықтары мен теңіз өнімдерінің басқа да түрлерін Қазақстан нарығына жеткізу мүмкіндіктерін зерделеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу соңында оман тарапы импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу ережелері мен ветеринарлық-санитариялық талаптар бойынша ақпарат берді.