Анкара, 2025 жылғы 10 қараша – Анкарада 15-қараша Ұлттық валюта күніне орай қазақ монеталарына арналған көрме ұйымдастырылды. Қазақ естелік ақшаларына арналған бұл іс-шара Түркияда алғашқы рет ұйымдастырылып отыр.
Көк-Ту қазақ мәдениеті ұйымы мен Елшілік мұрындық болған көрмеге Түркияның Қазына және қаржы министрлігіне қарасты Түркия монета сарайының бөлім басшысы Яшар Чукур, Әділет және даму партиясының Түркі әлемі қатынастар басшысының орынбасары Джемиле Кынаджы Баран, түрік коллекционерлері, Анкарадағы қазақ диаспора өкілдері мен студенттер қатысты.
Іс-шарада көптеген сарапшылар түркі елдерінің ақша жасау технологиясы ұқсас екенін жеткізді. Яшар Чукур Қазақстанда жасалған монеталар Түркияның да мәдениетіне ұқсайтындығына тоқталды. «Сіздерде діни бейнелер, мемлекет қайраткерлері, географиялық аймақтар, ғалымдар бейнеленген. Бізде де солай. Монета технологиясы жағынан да ұқсастықтар бар. Монета басу тәсілдері бірдей. Тек ою-өрнектер әр түрлі. Бүгінгі монеталар 100, 200, 500 жылдан соң ерекше мәнге ие болады», – деп мәлімдеді Түркия монета сарайының өкілі.
Дж.Кынаджы Баран өз сөзінде тарихта түркі елдеріндегі ақшаның ерекше рөлін атап өтіп, «теңге» атауы ортағасырлық түркілердің «денге» немесе «танга» күміс монеталарынан шыққанын алға тартты.
Көрме барысында қонақтар студенттердің орындауындағы ұлттық күйлерді тыңдап, қазақтың дастарханынан дәм татты.