
Веллингтон, 2025 жылғы 4 қараша – Сингапурдағы резиденциясымен Қазақстанның Жаңа Зеландиядағы Елшісі Асқар Құттықадам Жаңа Зеландияның Халықаралық қатынастар институтында (New Zealand Institute of International Affairs - NZIIA) дәріс оқыды.
Қазақ дипломаты Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылы ішіндегі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатының басты басымдықтары мен негізгі қағидаттарын атап өтті.
Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық үдерістерінің қарқынды дамуына, соның ішінде Қазақстанның ұлттық мүдделері тұрғысынан қарауға ерекше назар аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауының стратегиялық тұжырымдамалары аясында Астананың жасанды интеллект пен цифрландыру, көлік және логистика, өнеркәсіптік даму және елдің сындарлы шикізат әлеуетін игеру салаларындағы жетекші ұстанымдары талқыланды.
Дәріс соңында Елші А.Құттықадам жаңазеландиялық сарапшылардың, студенттердің және қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
NZIIA – 1934 жылы құрылған тәуелсіз үкіметтік емес ұйым. Ол Жаңа Зеландияның халықаралық қатынастары мен сыртқы саясатына қызығушылық танытатын академиялық және іскер орта өкілдерін, дипломатиялық корпус пен қоғам мүшелерін біріктіреді.