Қазақстан Араб елдерімен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Араб елдерімен экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда

Каир, 6 қараша 2025 жыл – Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) Бас хатшысының орынбасары, Экономикалық қатынастар секторының басшысы Әли ибн Ибрахим әл-Мәлкимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен келешегін талқылады. Елші А.Жеңіс Араб мемлекеттерінің лигасына ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанның бастамасы және ұйымдастыруымен Астанада Kazakhstan Energy Week аясында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Араб мемлекеттері лигасының өкілдерінің алғашқы кездесуінің табысты өткенін атап өтті.

АМЛ басшылығы Қазақстан мен араб елдері арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық қатынастардың серпінді дамуын, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің зор әлеуетін атап өтті. Әли ибн Ибрахим әл-Мәлки Қазақстанның инвесторларға ұсынатын мүмкіндіктеріне, соның ішінде қолайлы инвестициялық ахуалға, тұрақты іскерлік ортаға және энергетика, инфрақұрылым мен логистика салаларындағы әлеуетке ерекше назар аударды. Сондай-ақ ол Араб мемлекеттерінің Лигасы мен Араб сауда-өнеркәсіп палаталары одағының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жаңа инвесторларды тартуға және бизнес қауымдастықтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Тараптар экономикалық өзара іс-қимылға жүйелі сипат беруге және араб әлемі мен Орталық Азия елдері арасындағы тәжірибе, инвестициялар мен технологиялар алмасуын жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін растады.

Араб мемлекеттерінің лигасы (АМЛ) – Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы араб елдерін біріктіретін халықаралық ұйым. Қазақстан 2009 жылдың шілде айынан бастап, АМЛ жанында бақылаушы мәртебесіне ие. Ұйым аясында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан Республикасымен экономикалық және ынтымақтастық жөніндегі Араб форумы жұмыс істейді. Форумның мақсаты – сауда-инвестициялық байланыстарды дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру.