Будапешт, 2025 жылғы 3 қараша - ҚР Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Еуразиялық орталық пен Будапешттегі Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) штаб-пәтері ұйымдастырған сарапшылар отырысына қатысып ТМҰ-дың көлік-транзиттік бағытындағы ынтымақтастықты талқылады.
Елші қатысушыларды Қазақстанның көлік және логистикалық потенциалы мен транспорттық бағытқа тартылған инвестициялар туралы ақпаратпен таныстырды.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев VII халықаралық көлік-логистика «New Silk Way» бизнес-форумы аясында Достық – Мойынты темір жолының екінші желісін іске қосқанын, Поти қаласындағы инфрақұрылымның жаңғыртылғанын және Ақтауда контейнерлік хабтың пайдалануға берілгенін атап өтті.
Жалпы соңғы 15 жылда еліміз транспорт саласына 35 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартты, ал биыл 13 мың шақырым автожол жөнделіп, жаңа жолдар салынуда деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясы аясындағы 12 миллиард еуро көлеміндегі қордың 3 миллиарды Орталық Азиядағы көлік жобаларын қаржыландыруға бағытталғана назар аударды.
Қатысушыларға «Smart Cargo» кеден және логистика саласындағы бірыңғай цифрлық платформа 2026 жылға қарай толық іске қосылатыны және келесі жылы ұлттық жүк тасымалы әуе компаниясы құрылатыны туралы ақпарат жеткізілді.
Мажарстандық сарапшылар Орта дәлізді дамыту мен аймақтық логистикалық хабтарды құрудың болашағына айрықша қызығушылық танытып, оны жүзеге асыру үшін саяси ерік-жігердің қажеттілігіне назар аударды. Бұл бағыт Азия мен Еуропаны байланыстыратын жаңа жеткізу тізбектері мен маршруттарының маңызы артып келе жатқан қазіргі жағдайда ерекше өзекті болып отыр.
Әзербайжанның бас дипломаты өз сөзінде жақында Қазақстан мен Әзербайжанның Мемлекет басшыларына Орта дәлізді дамыту бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар туралы кеңінен баяндалғанына ерекше тоқталды.
Талқылау барысында Орталық Азия мен Кавказ елдерінің, сондай-ақ Мажарстанның Еуропаға «қақпа» ретіндегі маңызды рөлі атап өтілді. Қатысушылар көлік-логистикалық өзара іс-қимылды жетілдірудің Еуразия құрлығы аясындағы сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуде шешуші маңызға ие екенін атап өтті.
Сессия аясында мажар сарапшылар «Өзгермелі әлемдегі өзара байланыс: Түркі мемлекеттері және Орта дәліз» атты зерттеу жұмысын таныстырды. Бұл еңбекте аймақтық көлік инфрақұрылымының қазіргі үрдістері мен сын-қатерлері жан-жақты қарастырылған.