Қазақстан мен Оман көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Оман көлік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Масқат, 2025 жылғы 31 қазан - Қазақстан-Оман үкіметаралық комиссиясының алдағы бірінші отырысына дайындық аясында Қазақстан Республикасының Оман Сұлтандығындағы Елшісі Айдарбек Тұматов Оман Сұлтандығының Көлік, коммуникациялар және ақпараттық технологиялар министрі Сәид Әл-Мауалимен кездесті.

Көлік саласындағы ынтымақтастықты талқылау барысында Елші А.Тұматов қазақ тарапының Оманның әуе кемелеріне бесінші дәрежелі еркіндік беру мүмкіндігін ескере отырып, таяу арада екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнату қажеттілігінің маңыздылығын атап өтті. Омандық министр бұл бастаманы қолдады.

Атап айтқанда, «Oman Air» Оман ұлттық әуекомпаниясы 2026 жылдан бастап, «Астана-Масқат» бағыты бойынша тұрақты әуе рейстерді ұшыртуға ниетті екені аталып өтті. Бұл өз кезегінде өзара барыс-келістің ұлғаюына, екі ел кәсіпкер топтары арасындағы өзара сауда айналымы мен іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал ететін болады.

Отандық цифрлық шешімдердің жаңа сыртқы нарықтарға экспортын арттыру мақсатында оман тарапына IT-технологиялар саласындағы озық қазақстандық әзірлемелер ұсынылып, оған ерекше қызығушылық танытылды. Оның ішінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жобалар және «Astana Hub» платформасының әлеуеті аталып өтті. Оманның мүдделі ұйымдары қазақстандық әзірлеушілердің IT-қызметтерін Оманда қолдану тұрғысынан зерттейді.