Нью-Йорк, 2025 жылғы 30 қазан – Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Умаров пен Ботсвана Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Чарльз Масоле Қазақстан Республикасы мен Ботсвана Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастарды орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойды.
Аталған құжат екі ел арасындағы қатынастар тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Қазақстан мен Ботсвана халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысы қағидаттарына, атап айтқанда, ұлттық егемендігін және аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу, мемлекеттердің теңдігін және бір-бірінің ішкі істеріне араласпау ережелеріне негізделген достық және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мен нығайту ниеттерін білдірді.
Екі елдің әлеуетін ескере отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы, энергетика секторы, фармацевтика, денсаулық сақтау, туризм, көлік және логистика салалары айқындалды. Қазақстан жасыл энергетиканы дамыту мен жоғары білім беру саласындағы тәжірибесімен бөлісуге де дайын екенін растады.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдарының ұқсастығын, сондай-ақ бейбітшілікті, орнықты дамуды және екі елдің өркендеуін ілгерілетуге бағытталған құндылықтар мен мақсаттардың ортақтығын атап өтті. Көпжақты алаңдарда, оның ішінде БҰҰ мен басқа да халықаралық құрылымдар шеңберінде сындарлы өзара іс-қимылды дамыту уағдаластығына қол жеткізілді.
Ботсвана – Қазақстан дипломатиялық қатынастар орнатқан 190-шы мемлекет. Бұл еліміздің халықаралық белсенділігі мен серіктестік байланыстарының дәйекті кеңеюін көрсетеді.