
Копенгаген, 2025 жылғы 28-29 қазан – ҚР Елшісі Олжас Сүлейменов Данияға жұмыс сапары барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық өңірлік комитетінің 75-ші сессиясына қатысып, сондай-ақ Данияның Сыртқы істер министрлігінде бірқатар кездесулер өткізді.
«Негіздерге оралу» ұраны аясында өткен мерейтойлық сессиясында ДДСҰ-ның 2026-2030 жылдарға арналған екінші еуропалық бағдарламасы бекітілді.
Пленарлық отырыс аясында Елші О.Сүлейменов Қазақстанның ДДСҰ мақсаттарына және өңірлік күн тәртібінің негізгі басымдықтарына бейілділігін растап, елдің алғашқы медициналық-санитарлық көмекті (АМСК) нығайтудағы, денсаулық сақтау қызметтерін қамтамасыз ету, медицинаны цифрлық трансформациялау және халықтың иммунитетін жоғарылатудағы күш-жігерін атап өтті. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АМСК-ты дамыту жөніндегі елдердің жаһандық коалициясын құру жөніндегі бастамасын жеке атап өтіп, ДДСҰ-ға мүше мемлекеттерді осы платформаға белсенді қатысуға шақырды.
Сессия барысында Елші ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюггемен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ДДСҰ Еуропалық бюросы арасындағы өзара іс-қимыл бағыттарын талқылады.
Сапар барысында қазақ дипломаты Дания СІМ Протоколының басшысы Анна Дорте Риггельсенге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті. Сонымен қатар Дания Королі Фредерик Х-тің алдағы ресми қабылдауына қатысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.
Дания СІМ Еуропалық көршілік департаментінің директоры Питер Лассенмен кездесу барысында тараптар «жасыл» энергетика, көлік және логистика, тұрақты ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, тараптар Қазақстанның Еуропалық Одақпен диалогын дамытуды қоса алғанда, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.