Абай мұрасы барселоналықтар назарына тарту етілді

Абай мұрасы барселоналықтар назарына тарту етілді

Барселона, 2020 жылдың 15 желтоқсаны – Испаниядағы Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар эстафетасын Каталония өңірінің бас қаласы қабылдады.

Қазақстанның Барселонадағы Консулдығында өткен іс-шараны Консул Ринат Дюсембаев пен Барселона кинофестивалінің жетекшісі, Casa Asia (Азия үйі) мәдениеті мен экспозицияларының директоры, жазушы және кинотанушы Менене Грас ашты.

Испандық қонақтарды, Қазақстаннан келген студенттерді, қазақстандық балаларды асырап алған отбасыларды және басқаларын біріктірген көрермендерге Абайдың шығармашылығы мен жеке басының еліміздің мәдени және рухани өмірін дамытудағы рөлі туралы ақпарат берілді. Қонақтарға испан тіліне жарық көрген Абайдың «Қара сөздері» мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» брошюрасы ұсынылды.

Іс-шара аясында өткен шағын концерт бағдарламасында Абайдың «Көзімнің қарасы» мен «Айттым сәлем, Қаламқас», сондай-ақ басқа да танымал қазақ әуендері орындалды.

Профессор Менене Грас өз сөзінде испан көрермендерінің Абай шығармашылығына (жақында Испанияда оның бейнесімен пошта маркасы бастырылды) және жалпы қазақ мәдениетіне, оның ішінде Casa Asia мен Қазақстан Консулдығы қолдап отырған Барселонада жыл сайынғы барселоналық Азия кинофестиваліне сәтті қатысатын заманауи қазақстандық фильмдерге деген үлкен қызығушылығын атап өтті.