Қазақ-әзербайжан бизнес-форумы аясында кәсіпкерлер 16 келісімге қол қойды

Қазақ-әзербайжан бизнес-форумы аясында кәсіпкерлер 16 келісімге қол қойды

Астана, 2025 жылғы 24 қазан – Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінің бастамасымен «Қазақстан-Әзербайжан: жасанды интеллект пен индустриялық бастамалар дәуіріндегі экономикалық ынтымақтастық» атты бизнес-форум өтті.

Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдері, сонымен қатар сауда, логистика, өнеркәсіп, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, көлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика, туризм, білім беру және басқа да салаларда жұмыс істейтін 100-ден астам компания қатысты.

Форумның ашылуында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков пен ӘР Экономика министрінің орынбасары Анар Ахундов сөз сөйледі. Сонымен қатар, форум барысында «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов, «QazTrade» компаниясының бас директоры Айтмухаммед Алдажаров, «AZPROMO» экспорт пен инвестицияларды қолдау агенттігінің атқарушы директоры Юсиф Абдуллаев, Әзербайжанның шағын және орта бизнесті дамыту агенттігінің (KOBİA) төрағасы Орхан Мамедов, «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев және басқа да спикерлер сөз сөйледі.

Форум барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастық, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, жасанды интеллектті қолдану, жоғары технологиялар мен білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар B2B және B2C форматтарында кездесулер өтті.

Сонымен қатар, Форум аясында «Экономикалық ынтымақтастықты тереңдету және серіктестіктің жаңа көкжиектері» тақырыбында Қазақстан-Әзербайжан Іскерлік кеңесінің III отырысы өтті.

Әзербайжан тарапынан «AZPROMO» атқарушы директоры Ю.Абдуллаев, «KOBİA» агенттігінің басқарма төрағасы О.Мамедов және Іскерлік кеңестің әзербайжандық теңтөрағасы Эмин Садиг баяндама жасады. Қазақстан тарапынан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов пен Іскерлік кеңестің қазақстандық теңтөрағасы Дәурен Бимов сөз сөйледі.

Отырыстың барысында Қазақстан Елшісі Әлім Байел екі елдің 14 компаниясына екіжақты іскерлік қатынастарды дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттар табыстады.

Жалпы, форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан өкілдері өнеркәсіп, туризм, білім беру, цифрлық технологиялар, логистика және басқа салаларда 16 келісім мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 12 құжатқа ҚР Әзербайжандағы Елшілігі бастамашы болды.

Олардың қатарында «Алакөл» сауықтыру кешенін салу, Алматыда заманауи энергия үнемдейтін жарықтандыру құрылғыларын шығару, білім беру шешімдері бойынша ынтымақтастық, бала киімін тігу және сату бойынша ынтымақтастық, қазақ мектебінде Гейдар Әлиев атындағы кабинет құру, Астанада «ШОБ үйі» жобасын жүзеге асыру туралы келісімдер бар.

Бизнес-форум аясында білім беру саласында қызмет көрсететін қазақстандық «Qalan» компаниясы (оқушыларға арналған онлайн математика платформасы) мен ауыл шаруашылығында су деңгейі мен ағынын өлшеу технологиясын әзірлейтін әзербайжандық «SAIRS» компаниясы өз жобаларын Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен И.Әлиевтің алдында таныстырды.

Презентация барысында «Qalan» компаниясы Қарабақ аумағындағы мектептерге өз қызметін тегін ұсынуға және оны Әзербайжанның білім беру жүйесіне бейімдеуге дайын екенін жеткізді.

Әзербайжан Президентінің мемлекеттік сапары мен оған ілеспе бизнес-форум екі бауырлас ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың маңызды белесіне айналды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бизнес-форумның екіжақты қатынастарды дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

Қол қойылған келісімдер, іскер топтардың белсенді қатысуы және инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бойынша нақты қадамдар екіжақты ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін дәлелдейді – бұл тарихи достыққа ғана емес, экономикалық серіктестікке негізделген жаңа саты.