Осло, 2025 жылғы 21 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігі еліміздің қазіргі даму үрдістері мен қазақ-норвег қатынастарының жай-күйіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға Норвегия Сыртқы істер министрлігінің, сараптамалық қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес құрылымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Елші Әділ Тұрсынов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын таныстырды.
Норвегиялық тарапқа Қазақстан Президенті бастамашылық еткен саяси жаңғыртулардың негізгі бағыттары, соның ішінде бір палаталы Парламент құру жөніндегі ұсыныс жеткізілді.
Сонымен қатар қатысушыларға еліміздің инвестиция тарту мен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған стратегиясын ілгерілететін «Born Bold» халықаралық ақпараттық кампаниясының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берілді.
Іс-шара аясында Осло қаласындағы «Қазақ-норвег мәдени орталығының» негізін қалаушы Алмагүл Калелова қонақтарға қазақ мәдениеті мен Норвегияда тұратын қазақ диаспорасы туралы мазмұнды әрі танымдық баяндама жасады.
Кездесу соңында қатысушылар Астана мен Осло арасындағы екіжақты қарым-қатынастарының соңғы жылдары айтарлықтай жанданып, өзара ынтымақтастықтың жаңа перспективалары бар екенін атап өтті.