Майндағы Франкфурт қаласында Абайдың 180 жылдығы және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығы аталып өтті

Майндағы Франкфурт қаласында Абайдың 180 жылдығы және Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияның 35 жылдығы аталып өтті

Майндағы Франкфурт, 2025 жылғы 18 қазан – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурттағы Бас консулдығында қазақ руханияты мен мемлекеттілігіне арналған әдеби кеш өтті. «Ұлы сөздің ұлағаты» атты бұл кеш ұлы ойшыл, данышпан ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Аталған кеш қазақ әдебиетінің тереңдігін, ұлт руханиятының байлығын насихаттап, Тәуелсіз Қазақстанның рухани іргетасын қалаудағы Абай мұрасының маңызын жаңаша қырынан ашуға бағытталды. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар, баспа жетекшілері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кештің ашылу салтанатында ҚР Бас консулы Тауболды Балхияұлы Үмбетбаев сөз сөйлеп, Абай әлемі мен ел тәуелсіздігінің рухани сабақтастығына тоқталды. Одан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің ресми өкілі Алмаз Әмірбекұлы Мирзахметов, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы Қойтанов өз лебіздерін білдірді.

Кеш аясында «Жазу мен жариялау: Қазақ әдебиетінің жаңа кеңістіктері» атты тақырыптық бөлім өтті. Әдеби бөлімде белгілі ғалым, академик, қоғам қайраткері Оразалы Сәбден сөз алып, Абай мұрасының қазіргі қазақ қоғамындағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ, кеш барысында еліміздің жетекші баспалары – «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Arman-PV baspasy», «Мазмұндама», «Эверо», «AmalBooks» – өздерінің жаңа басылымдарын таныстырып, әдебиет әлеміндегі соңғы жаңалықтармен бөлісті.

Әсіресе, Абайдың «Қара сөздерінің» жеті тілде жарық көруі – рухани құндылықтарымыздың жаһандық деңгейге шыққанының айғағы ретінде ерекше атап өтілді. Бұл жобаны таныстырған қазақ тілі оқытушысы Гүлмира Әбілмәжінқызы Амандықова көпшіліктің ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, кеш барысында 2024 жылғы 15 наурызда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғам қайраткері, академик Оразалы Сәбденнің Абай туралы айтқан тағылымды ойлары мен сұхбатынан үзінді қонақтар назарына ұсынылды. Бұл сұхбатта ғалым Абай мұрасының қазіргі заманғы қазақ қоғамы үшін маңызын, ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлін және рухани жаңғыру үдерісіндегі орнын терең талдаған болатын. Кеш қонақтары бұл пайымды пікірлерді ықыласпен тыңдап, терең ойға батты.

Жазушылар мен баспа өкілдері өздерінің таңдаулы еңбектерін ҚР Бас консулдығының кітапхана қорына тарту етті. Бұл игі бастама қазақ әдебиетінің шетелдегі таралуына серпін беріп, ұлттық руханияттың шекарадан тыс кеңістікте де танылуына жол ашады.

Іс-шара соңында қонақтар әдебиет пен баспа ісінің даму бағыттары туралы еркін пікір алмасып, шығармашылық байланыстар орнатты. «Ұлы сөздің ұлағаты» кеші ұлы Абайдың рухани мұрасын жаңғыртып, егемен еліміздің мәдени келбетін айшықтай түскен тағылымды да мәнді жиын болды. Бұл әдеби басқосу қазақ сөз өнерінің асыл қазыналарын дәріптеуге арналған рухани алаң ретінде есте қалмақ.