Шанхайда қазақ-қытай қатынастарының келешегі талқыланды

Шанхайда қазақ-қытай қатынастарының келешегі талқыланды

Шанхай, 2025 жылғы 16 қазан – ­ Қазақстан Республикасының Шанхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров Қытай Халық Республикасының Шаңхай қалалық халық үкіметінің Сыртқы істер басқармасының (СІБ) басшысы Ма Инхуэймен ресми кездесу өткізіп, оған Экзекватура көшірмесін тапсырды.

Н.Аққошқаров Шанхай қаласындағы Бас консулдығының аймағына бұрынғыдай Цзяңсу, Чжэцзяң, Аньхуэй, Фуцзянь және Цзяңси өңірлері кіретінін жеткізді.

М.Инхуэй Бас консулды жаңа қызметіне ресми кірісуімен құттықтап, оның алдағы жұмысына қолдау білдірді.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Қытай мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының биік және жоғары деңгейде сапарларының маңыздылығына тоқталып, олардың нәтижелері екі ел арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті жүйелі түрде нығайтудың негізін қалағанын ерекше атады.

Тараптар екі елдің түрлі салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге, соның ішінде инвестиция саласы мен өңіраралық серіктестікті күшейтуге дайындығын растады.

Кездесуде, сондай-ақ, биыл 5-10 қараша аралығында Шанхай қаласында өтетін 8-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесіне (CIIE 2025) Қазақстанның қатысу тақырыбына да ерекше көңіл бөлінді. Қытай тарапы Қазақстанның көрмеге белсенді қатысуын жоғары бағалап, ҚР ұлттық және Алматы қаласының павильондарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, тараптар цифрландыру, жасанды интеллект және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастырды. Осы бағытта тұрақты түрде салалық конференциялар мен көрмелер өткізуге, өзара қызығушылық тудыратын түрлі бағыттар бойынша мамандар арасында тәжірибе алмасуды жолға қоюға уағдаласты.

2025 жылғы 17 маусымда Шанхай және Алматы қалалары арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылғанын жоғары бағалап, Қытайдағы Қазақстан туризм жылы аясында екі қала арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндігін атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту контекстінде қазақстандық студенттер мен отандастарды қолдау мақсатында білім беру және мәдени бағдарламаларды іске асыру, ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Бас консул биыл 25 қазанда Республика күні еліміз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдағанына 35 жыл толуына байланысты, бұл ұлттық мереке Қазақстанда ерекше аталып өтетіні туралы айтты.