Алматы, Астана, 2025 жылғы 10 - 13 қазан – Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Елшілігінің қолдауымен Ұлыбританияның Әзербайжан және Орталық Азия бойынша Сауда өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Лорд Джон Алдердайс Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл сапар екі ел арасындағы әріптестіктің экономика, білім, инновация және орнықты даму сияқты бағыттарды қамти отырып, жаңа стратегиялық деңгейге шыққанының жарқын дәлелі болды.
Сапар бағдарламасы бірқатар кездесулерді, оның ішінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровпен, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен, «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыповпен, АХҚО басқарушысы Ренат Бектұровпен, сондай-ақ қазақстандық бизнес өкілдерімен келіссөздер өтті.
Тараптар Ұлыбритания компанияларының Қазақстандағы инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейту мәселелерін, сондай-ақ стратегиялық маңызды минералдар, энергетика, көлік, денсаулық сақтау, қаржы, цифрландыру және білім беру салаларында жаңа ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Сапардың маңызды тақырыптарының бірі – ұзақ мерзімді әріптестіктің негізі саналатын білім беру саласы болды. Лорд Алдердайс Қазақстандағы De Montfort University Kazakhstan, Cardiff University Kazakhstan және Coventry University Kazakhstan сияқты британдық жоғары оқу орындарының кампустарына барып, олардың өңірге әлемдік деңгейдегі стандарттарды әкеліп жатқанын атап өтті. «Бұл университеттер тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің әртүрлі елдерінен келген студенттерге мүмкіндік беріп, нағыз халықаралық қауымдастық қалыптастырып жатыр», – деп атап өтті Лорд Алдердайс.
Астана халықаралық қаржы орталығындағы кездесу Қазақстанда ағылшын құқығын қолданудың бірегейлігін инвестиция тарту және ашық бизнес ортасын қалыптастыру құралы ретінде ерекше көрсетті. «Қазақстан – Ұлыбританияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі, және біздің сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды түрлі стратегиялық секторларда кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Біз осы серпінді сақтап, екі елдің бизнесі мен қоғамдарына пайда әкелетін мүмкіндіктерді толық ашуымыз қажет», – деді ол.
Лорд Алдердайстың сапары Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қатынастар тек нығайып қана қоймай, сенімге, инновацияға және ортақ болашаққа негізделген халықаралық ынтымақтастықтың үлгісіне айналуда екенін дәлелдеді.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Ұлыбритания елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Олардың қатарында британдық университеттердің кампустары мен мектептерінің ашылуы, стратегиялық маңызды минералдар саласындағы әріптестіктің дамуы, биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы Earthshot сыйлығымен марапатталған және Корольдік құстарды қорғау қоғамы (RSPB) жүзеге асырып жатқан «Алтын Дала» бастамасының қолдауы бар екенін атап өткен жөн.