Мадрид, 2025 жылғы 13 қазан –Мадридтегі БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының (UN Tourism) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Испания Корольдігіндегі Елшісі Данат Мұсаевтың UN Tourism Бас хатшысы Зураб Пололикашвилимен кездесуі өтті.
Сындарлы кездесу барысында Қазақстан мен UN Tourism арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, соның ішінде тұрақты туризмді дамыту, Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету, сондай-ақ ұйым қызметі шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды.
Тараптар 2025 жылғы 22-23 қазанда Алматы қаласында өтетін Туризм саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін нығайтуға арналған Еуропа бойынша UN Tourism 1-ші өңірлік конференциясына дайындыққа ерекше назар аударды. Сұхбаттастар алдағы форум туристік саладағы әйелдердің рөлін арттыруға бағытталған практикалық шешімдерді әзірлеу үшін маңызды халықаралық алаңға айналатынына сенім білдірді.
Елші Д.Мұсаев Бас хатшыға Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, ұйыммен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайындығын растады. Өз кезегінде, З.Пололикашвили Қазақстанның UN Tourism-тің өңірдегі маңызды серіктесі ретіндегі рөлін атап өтіп, Алматыда конференцияның сәтті өтуіне сенім білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тұрақты байланыстарды сақтауға және серіктестік байланыстарды нығайту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.