Түркияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Түркияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Анкара, 2025 жылғы 9-10 қазан – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараға Абай, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы әкімдіктерінің, Түркиядағы "Kazakh Invest" АҚ, сондай-ақ түрік елінің бизнес қауымдастықтарының өкілдері мен  бірқатар іскер топтар қатысты.

Өз сөзінде Қазақстанның  Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев екі ел арасындағы экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мен екіжақты байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Елші Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтар туралы айтып, оның аясында инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Қазақ дипломаты түрік бизнес-қоғамдастығын Қазақстандағы инвестициялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Қазақстандық өңірлердің өкілдері инвестициялық жобалар мен облыстардың өнеркәсіп, энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы  әлеуетімен таныстырды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша бірқатар түркиялық кәсіпкерлер серіктестік орнатуға қызығушылық білдіріп, ынтымақтастық мүмкіндіктерін одан әрі зерделеу және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Қазақстан өңірлеріне сапармен баруды жоспарлауда екендігі туралы мәлімдеді.