Афинада Грекия және Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасын орнату мәселелері талқыланды

Афинада Грекия және Қазақстан арасындағы тікелей әуе қатынасын орнату мәселелері талқыланды

Афина, 2025 жылғы 10 қазан – Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Грекияның ең ірі әуе компаниясы «Aegean Airlines» басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Грекия арасында тікелей әуе қатынасын орнату перспективалары, сондай-ақ азаматтық авиация және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Елші екі ел арасындағы тікелей әуе рейстерін дамыту өзара мүдделерге сай келетінін және бұл туристік алмасудың нығаюына, іскерлік байланыстар мен гуманитарлық қатынастарды ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті. Қазақстан Грекияны Оңтүстік-Шығыс Еуропа аймағындағы маңызды серіктестердің бірі ретінде қарастырады және оның туристік әрі транзиттік әлеуетін жоғары бағалайды.

«Aegean Airlines» басшылығы қазақстандық нарыққа шығу мүмкіндіктерін зерделеуге қызығушылық танытып, бұл бағыттың жолаушылар ағынының өсуі мен Қазақстанның ұлттық авиатасымалдаушыларымен әріптестік тұрғысынан тартымдылығын атап өтті.

Тараптар тұрақты диалогты қолдап, авиациялық билік пен салалық құрылымдар арасындағы ақпарат алмасуды қоса алғанда, әріптестіктің практикалық аспектілерін бірлесіп пысықтауға уағдаласты.