Кигали, 2025 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі, ҚР Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың Руанда Республикасы Парламентінің Депутаттар палатасының спикері Гертруда Казарва, Қорғаныс министрі Джувеналь Маризамунда, Ауыл шаруашылығы министрі Марк Багабе, Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі министрдің орынбасары Клементина Мукека, Сауда және өнеркәсіп министрінің орынбасары Антуан Мари Каджангве, Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және инновациялар министрінің орынбасары Эрасте Рурангва, Тау-кен ісі, мұнай және газ кеңесінің төрайымы Алис Увасе, Ауыл шаруашылығы экспорты бойынша Ұлттық кеңестің бас операциялық директоры Сандрин Уруджени, Руанда Республикасының Жеке сектор федерациясының бас директоры Стивен Рузибизамен кездесулері өтті.
Кездесулер барысында Елші сұхбаттастарды Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында мәлімделген стратегиялық міндеттер мен Қазақстанның халықаралық бастамалары туралы хабардар етті.
Тараптар Руанда Республикасының Президенті Поль Кагаменің 2025 жылғы мамырда Астанаға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелерін талқылады. Энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар мен инновациялар, тау-кен өнеркәсібі және ғарыш өнеркәсібі, парламентаралық ынтымақтастық сияқты салалардағы қарым-қатынасты дамыту жоспарларына ерекше назар аударылды.
Руандалық тарап Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды, еліміздің халықаралық бастамаларын жоғары бағалап, Астанамен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін растады. Тараптар елдеріміз арасындағы іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге бағытталған Қазақстан-Руанда арасындағы 2025 жылғы 26 қыркүйекте қол қойылған Іскерлік кеңесті құру туралы келісімнің маңыздылығын ескерді.
Кездесулердің қорытындысы бойынша тараптар өзара мүдделі мәселелер бойынша қарым-қатынасты жалғастыруға және Президент П.Кагаменің Қазақстанға сапары барысында қол қойылған құқықтық құжаттарда көрсетілген ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі бірлескен шараларды егжей-тегжейлі талқылау және оларды іске асыру бойынша жол картаны әзірлеу үшін екі елдің мүдделі ведомстволары арасында бейнеконференция форматындағы сарапшылық кездесулерді ұйымдастыруға келісті.