Париж, 2025 жылғы 8 қазан – Қазақстанның Франциядағы Елшілігінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіруге арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Францияның мемлекеттік органдарының өкілдері, іскер топтар, ғылыми және сараптамалық қауымдастықтардың мүшелері қатысты.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова елдің саяси жаңғырту мен демократиялық институттарды нығайту, инвестициялық және экономикалық саясатты дамыту, сондай-ақ цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы стратегиялық курсын айқындайтын Жолдаудың негізгі басымдықтарын таныстырды.
Талқылау барысында қатысушылар тұрақты даму, экономиканы цифрландыру, инвестициялық климатты жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырды.
Француз компанияларының өкілдері Қазақстанның жаңғыру үдерістеріне белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдірді. «Clever Cloud» компаниясының өкілі еліміздің цифрлық даму қарқыны мен ауқымын, сондай-ақ «Digital Bridge» халықаралық форумына қатысуын атап өтіп, жасанды интеллект саласындағы серіктестікті дамытуға мүдделілік танытты. Францияның Даму агенттігі (AFD) «Digital Qazaqstan» бағдарламасын іске асыру аясында цифрлық көшу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді. «Air Liquide» компаниясы экологиялық ауысым шеңберінде, соның ішінде таза энергия саласындағы жобаларға қатысу арқылы, Қазақстанды қолдауға дайын екенін жеткізді. «Hydroplus» компаниясы су ресурстарын басқару және сумен жабдықтау мен суару саласында инновациялық технологияларды енгізу бойынша ынтымақтасуға ниетті екенін растады.
Іс-шара барысында, сондай-ақ Қазақстанның Аралды құтқару халықаралық қорының қызметіне қатысуы және елдің Орталық Азиядағы өңірлік экологиялық бастамаларды іске асыруға қосқан үлесі талқыланды.