Бухарест, 2025 жылғы 7 қазан – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігі Таяу Шығыс саяси-экономикалық институтымен (MEPEI) және «EuroDefense Romania» сараптамалық орталығымен бірлесіп дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға орайластырылды.
Кездесу барысында Румыниядағы Казақстан Елшісі Ерлік Әли цифрлық трансформацияға және жасанды интеллектті дамытуға бағытталған Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол цифрландырудың еліміздің тұрақты даму стратегиясында шешуші рөл атқаратынын, мемлекеттік басқаруды, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, адами капиталды нығайтуға ықпал ететінін баса айтты.
Дипломат халықаралық ынтымақтастық пен цифрлық технологиялар саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның осы саладағы серіктестік қарым-қатынасты кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Қазақ дипломат өз сөзінде Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында сөйлеген сөзінің негізгі хабарламаларына да тоқталды. Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық технологиялар мен инновациялар саласындағы жаһандық бастамаларға белсенді қатысуға бағытталған Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтарына ерекше назар аударылды.
Талқылауға дипломатиялық корпустың, ғылыми ортаның және сараптамалық орталықтардың өкілдері қатысты. Румыниялық сарапшылар ұсынылған бастамаларға үлкен қызығушылық танытып, тәжірибелерімен және идеяларымен бөлісті және цифрлық технология, киберқауіпсіздік және тұрақты даму саласындағы серіктестікті кеңейту әлеуетін атап өтті.
Дөңгелек үстел Қазақстанның тұрақты және бәсекеге қабілетті болашағын құрудағы жасанды интеллекттің рөлін талқылау үшін маңызды алаң болды және цифрлық трансформация мен инновациялық ынтымақтастық жағдайында Қазақстан мен Румыния арасындағы серіктестікті нығайтуға ықпал етті.