Лиссабон, 2025 жылғы 7 қазан – Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиевтің Португалия Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің (AICEP) президенті Мадалена Оливейра и Силвамен кездесуінде жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктер аясында Қазақстан мен Португалия арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Қазақ дипломаты өз сұхбаттасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауының басымдықтарымен таныстырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары бойынша жобаларға баса назар аударды. Туризм, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіп, көлік және логистика, су инфрақұрылымын жаңғырту, энергетика және басқа да салалар ерекше аталып өтті.
Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен экономикалық даму қарқынын жоғары бағалай отырып, М. Оливейра и Силва осы салаларда әріптестік орнатуға дайын екенін білдірді. «Португалия компанияларының жаңа нарықтарды зерттейтін уақыты келді. Мұндай мүмкіндіктер мен перспективалар ашылғанда, тәуекелге бел буып, жайлылықтан шыққан абзал», - деді AICEP басшысы.
Кездесу соңында екі елдің іскер топтарын жақындастыру және өзара тиімді жобаларды анықтау мақсатында бірлескен іс-шаралар кешенін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
AICEP – Португалиядағы желісі және 50 елдегі өкілдіктері арқылы экспорттың өсуіне және компаниялардың халықаралық қызметін кеңейтуіне ықпал ететін инвестициялар мен Португалия экономикасының интернационализациясына жәрдемдесетін үкіметтік ұйым.