Сан-Францисконың қақ ортасында қазақтың киіз үйі бой көтерді

Сан-Францисконың қақ ортасында қазақтың киіз үйі бой көтерді

Сан-Франциско, 2025 жылғы 27 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен Сан-Франциско қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттерінің Екінші фестивалі барысында орталық көшенің бірінде алғаш рет қазақтың киіз үйі орнатылды.

Іс-шараға Қазақстан, Түркия, Түрікменстан, Әзербайжан, Өзбекстан және түрік-татар диаспорасының өкілдері қатысып, фестиваль барысында Кремний алқабының Қазақ-Америкалық қауымдастығы елімізді танытты. Екі күн ішінде фестивальді екі мыңнан астам адам тамашалаған болатын.

Жергілікті қазақ қауымдастығы дайындаған қазақтың киіз үйі америкалық қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырып, фестивальдің ең танымал орындарының біріне айналды. Келушілердің айтуынша, киіз үйдің іші – ерекше, жайлы әрі үйлесімді. Тіпті кейбіреулері осыдан кейін Қазақстанға турист ретінде барып, даладағы киіз үйде тұрып көргісі келетінін атап өтті.

Еліміздің Сан-Францискодағы Бас консулдығы қазақ мәдениетін шет мемлекеттерде кеңінен танытуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға әрі бұл бағыттағы жұмыстарды бұдан былай да жүйелі түрде жалғастыруға ниетті.